АТА-АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСУ: Бала тәрбиесі – бүгінгі күннің өзекті мәселесі
Қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі – бала тәрбиесі. Бұл туралы гимназиямыздың ата-аналармен өткен кездесуде кеңінен сөз болды.
Аудан әкімі О.Е.Баққараев төрағалығымен өткен кездесуде бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі және олардың міндеттері мен жауапкершілігі тақырыбын қаузаған басқосуда құзырлы органдар мен сала өкілдері көкейкесті мәселе төңірегінде ой қозғап, өзара пікірлерін ортаға салды.
Облыстық білім басқармасының Байзақ ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Мұрат Өскенбаев заңнама талаптарына сай, оқушылар мен ата-аналар міндеттеріне тоқталды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Шолпан Турдалиева отбасындағы тәрбие туралы ой өрбітті.
Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Азамат Үзен жастар арасындағы құқық бұзушылық жөнінде түсінік берді.
Аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов құқық бұзушылықтың салдары, қылмысқа қатысты заңға енген өзгерістерге басымдық берді.
Сот төрағасы Досжан Төленбеков талқыланып жатқан тақырыптың маңыздылығын атап өтті. Басты мәселе тәртіп пен тәрбиеде екенін алға тартып, сот тәжірибесінен мысалдар келтірді. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер үшін ата-аналар жауапкершілігі, сот жүйесіндегі жасалатын қадамдар туралы айтты.








